Шымкентте студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты әлеуметтік желіде жазылған пікір қоғам назарын аударды. Марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаровтың мәліметінше, TikTok желісіндегі @dkraken9 аккаунты «72 рет пышақ сұғар едім» деген пікір қалдырған.
Адвокаттың айтуынша, бұл пікір бойынша құқық қорғау органдарына арыз түсіріліп, полиция қысқа уақыт ішінде пікір иесінің жеке басын анықтаған.
Кейін желі қолданушысы арнайы бейнеүндеу жариялап, жазбасының марқұм Нұрай Серікбайға емес, қылмысқа айыпталып отырған күдікті Шерхан Аймаханға бағытталғанын айтты.
«Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қылмысты да, қылмыскерді де ешқашан қолдаған емеспін. Егер бұл пікірім Нұрайдың жақындарына ауыр тиген болса, шын жүректен кешірім сұраймын. Жаман ниетім болған жоқ», – деді ол.
Аянхан Омаров әлеуметтік желіде жарияланған пікірлер де заң аясында бағаланатынын ескертіп, азаматтарды ойланбай пікір жазбауға шақырды.
Әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Полиция аталған азаматқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Кейін соттың шешімімен оған 20 АЕК көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды.
Адвокаттың айтуынша, тексеру барысында аталған азаматтың осыған ұқсас мазмұндағы басқа да пікірлер жазғаны анықталған. Осыған байланысты істің барысы алдағы уақытта да бақылауда болады.
Нұрай Серікбай ісі
Еске салсақ, 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай аса қатыгездікпен өлтірілді. Тергеу мәліметінше, қылмысқа күдікті ретінде танылған Шерхан Аймаханға сталкинг, некеге тұруға мәжбүрлеу және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айып тағылған.
Іс қоғамда үлкен резонанс туғызды. Президент тапсырмасынан кейін Шымкент полициясының жұмысына қызметтік тексеру жүргізіліп, бірқатар басшылық құрам қызметінен босатылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты жеке қылмыстық іс қозғалған.
Нұрай Серікбай ісі бойынша келесі сот отырысы 7 тамызда өтеді.
