Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында «Гір спортының батыры» атағының иегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Гиннестің рекордын екі мәрте жаңартқан Әмірбай Рысқұловты еске алуға арналған гір спортынан облыстық ашық чемпионат өтті. Сайысқа әр облыстан сайдың тасындай іріктеліп келген алпыстан астам спортшы қатысты. Шара облыстық болғанымен ашық турнирге Шығыс Қазақстан облысының да құрыш білек жігіттері қатысқанын айта кеткен жөн. Яғни, бұл алдағы уақытта республикалық деңгейге көтеруге болатындай.
Әмірбай Сламжанұлы 1937 жылы маусым айының 10 жұлдызында Көксу ауданы, Еңбекшіқазақ ауылында дүниеге келген. Мектепті тамамдаған соң 1961 жылы әскери борышын өтеп, Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтына түседі. Студент кезінде самбо және еркін күрестен спорт шебері атанады. Сол жылы зілтемір көтерумен айналысып, бір жарым жылдың ішінде спорт шебері атағын қорғап қалады. 1965 жылы Ж. Егінбаев атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болады. Сол жылдары ұстаздық пен бапкерлікті қатар ұстап, жастардың томағасын сыпырып, дүбірлі додаларға дайындайды. 2006 жылы «Әйгілі Әмірбай» атанады. 2008 жылы Архангельск қаласында өткен Әлем және Еуропа чемпионатына қатысып топ жарады. Осыдан кейін Қазақстан және Еуропа құрамаларында өнер көрсетіп жүріп, серпе көтеруді 111-ге жеткізіп, «Ең үздік ардагер спортшы», Ресейдің «Хрустальді тәжін» жеңіп алады. 2013 жылы Архангельск қаласында өткен Еуропа және Әлем чемпионатында гір тасын 30 минутта 750 рет көтеріп Гиннестің рекордттар кітабына енеді. Беларусияда әлемдік тратлон Олимпиадасында бас жүлдені қанжығасына байлап, өкінішке орай 77 жасында жарыс үстінде жүрегі тоқтайды. Иә, «Таласқа түссе жан мен Ту, жан емес маған керегі, Көк тудың желбірегені», – деп елі үшін жанын берген, қазақ спортының дамуына үлкен үлес қосқан ағамыздың өмірі көпке үлгі.
Шараның шымылдығы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиевтің алғысөзімен ашылды.
– Әлемге әйгілі, халқымыздың мақтанышы, талайды мойындатқан Әмірбай атамызға бүгін еске алу турнирін өткізіп отырмыз. Ағамыз гір тасын 750 рет көтеріп ресейдің рекордттар кітабына енген. Елбасы жолдауында халыққа салауатты өмір салтын насихаттау мәселесін ерекше назар аударады. Бүгінгі турнир соның жалғасы деп білеміз. Күш атасын танымас. Болашақта дәстүрге айналған турнир жоғары дәрежедегі спорт шеберлерін дайындауға үлкен септігін тигізеді, – деді.
Келесі сөз кезегін Әмірбай ағамыздың шәкірті Жұмахман Қызбаев алып: «Әмірбай ата барлығы 85 алтын, 37 күміс, 12 қола және РФ-ның «Қанатты арыстан» орденін, гір спортында ерекше жеткен жетістігі үшін Қазақсанда бірінші болып «Алтын гір» жүлдесінің иегері атанды. Дүбірлі додаларда ел абыройын асқақтатқан батыр атамыз елінің жүрегінде мәңгі сақталмақ», – дей келе тебірене естеліктер айтып, атамызға тартқан спортшылар көбейе берсін деп тілек білдірді.
Осыдан кейін спортшылар дүбірлі доданы бастап кетті. Додаға түскен азаматтар намысқа тырысып, бар өнерін ортаға салды. Гір тасын асықша иіріп, жарыс көркін қыздырды. Бірінен соң бірі гір тасын жұлқа көтерген спортшылар жұртшылықты тәнті етті. Осылайша өнерін паш еткен қазақтың қайсар жігіттері барын салды. Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Қаратал ауданынан келген команда жеңіп алды. Күміс жүлде Өскеменнен келген командаға бұйырды. Өңіріміздің командасы қола жүлдегер атанды. Жиын соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлық пен Мақтау қағаздары табысталды.