Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

ҚЫЗЫМЫЗ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕР

Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қызыләскер ауылының түлегі Жәмилә Бақбергенова жуырда Румынияның Бухарест қаласында қыздар арасында өткен күресте Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы U-23 әлемдік жарыста ол 72 келі салмақта белдесті.

Қола медаль үшін болған бәсекеде жерлесіміз үндістандық қарсыласын 11:0 есебімен ойсырата ұтып, қазақ елінің қанжығасына қола жүлде сыйлады. Әлемдік дода жүлдегерін жұма күні таңғы сағат төртте Алматы Халықаралық әуежайында аудан әкімінің орынбасары Әлібек Далабаев бастаған топ гүл шоқтарымен қарсы алды. Дүйсенбі күні аудан әкімі Бағдат Әлиев оны мекеме басшыларының қатысуымен әкімдікте болатын жиында көпшіліктің алдында жеңісімен құттықтады. Бір ғажабы, Жәмиләнің сыңары Мәдина да спортшы. Егіздер 1996 жылы 6 қаңтарда Ұзынағаш перзентханасында дүниеге келген. Ал әкелері Науқаннұр Бақбергенұлы футболдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген жаттықтырушысы. Спортшы отбасында өскен қос бүлдіршін әкелеріне еліктеп Жамбыл аудандық спорт мектебінде шынығады. Шеберліктерін одан әрі шыңдау үшін Алматы қаласындағы Республикалық Дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында тәлім алады. Өмірде де, спортта да жұптары жазылмай қатар жүрген егіз қыз сонда оқып жүргенде жасөспірімдер арасындағы республикалық біріншіліктерде жыл сайын жүлделі орындар иеленіп, әлемдік жарыстарда да үздік өнер көрсете білді.

Жәмилә төрт жылда бір рет өтетін Азия балалары спорт ойындарында 2012 жылы Ресейдің Якутия аумағында әйелдер күресінен чемпион атанды. 2013 жылы Монғолияда өткен жасөспірімдер арасындағы жарыста Азия чемпионы, 2013 жылы Сербияда өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2014, 2015 жылдары Азия елдері жастары арасындағы бәсекенің екі дүркін күміс жүлдегері, Жастар арасындағы Әлем чемпионатының 2014, 2016 жылдардағы қола жүлдегері, төрт жылда бір өтетін Ислам ойындарының 2017 жылғы күміс, басқа да әр түрлі жарыстардың жүлдегері атанды. Ересектер арасындағы Республикалық жарыстардың 2015, 2017, 2018 жылдардағы үш дүркін чемпионы.

Жәмилә мен Мәдинаға 2012 жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2014 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілген. Егіз балуанның алдағы 2019 жылы Астанада өтетін Әлем чемпионатында жеңімпаз атануына және 2020 жылы Жапонияда өтетін Олимпиада ойындарында қазақ елінің көк туын биіктен желбіретуіне тілектеспіз.

Сәйкес жаңалықтар

Жетісу облысының сайлауы

bairakkz

Перзентханадағы аналар да өз таңдауын жасады

bairakkz

Путинцева Ролан Гаррос турнирының үшінші кезеңіне шықты

Ришат