Атырау облысында бір отбасының қазасына қатысты тергеу барысында тың мәліметтер жарияланды. Бұл туралы облыстық прокуратура өкілдері хабарлады.
Алдын ала деректерге сәйкес, күдікті Қарабалиндер отбасына аса қатыгездік танытқан. Сараптама қорытындысы марқұмдардың денесінде ас үй пышағымен салынған көптеген жарақат болғанын көрсетті. Әрқайсысында алтыдан астам кесілген және тесілген жара тіркелген. Жарақаттар кеуде, мойын және ішкі ағзалар тұсынан анықталған.
Прокуратура мәліметінше, өлімге дәл осы жарақаттар себеп болған.
Сонымен қатар марқұмдардың қызына қатысты жүргізілген сот-психологиялық және психиатриялық сараптама нақты қорытынды бермеген. Осыған байланысты сараптаманы Алматы қаласында қайта өткізу туралы шешім қабылданды.
Марқұмдардың туыстары істің ашық қаралуын талап етіп отыр. Олардың айтуынша, балалар анасын сағынып жүр және отбасы болған оқиғаның толық ақиқатын білгісі келеді.
Ал күдіктіге жүргізілген сот-психиатриялық сараптама оның есі дұрыс екенін және өз әрекеттеріне толық жауап бере алатынын көрсеткен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс бірнеше кезеңде жасалған: отбасының бір мүшесі мамыр айында, ал қалғандары қарашада қаза тапқан. Құзырлы органдардың мәліметінше, оқиғаға үшінші тұлғалардың қатысы анықталмаған.
Қазіргі уақытта күдіктіге екі және одан да көп адамды өлтіру, сондай-ақ мүлікті жымқыру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр. Іс сотқа мамыр айында жолдануы мүмкін.
