Атырау облысы Жангелдин ауылында болған қайғылы жағдайға қатысты отбасы мүшелерінің қаза тапқан уақыты белгілі болды.
Сот-медициналық сараптама мен тергеу нәтижелеріне сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамыр айында көз жұмған. Ал қалған үш адамның өлімі қараша айында болғаны анықталған.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, барлық жәбірленушінің денесінен пышақ жарақаттары табылған.
«Барлық жәбірленушінің денесінде ас үй пышағымен салынған жарақаттар анықталды. Жарақат саны алты және одан да көп. Дәл осы кесілген және тесілген жарақаттар өлімге себеп болған», – деді ол.
Төрт адамның өліміне күдікті ретінде танылған Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген сараптама оның ақыл-есінің дұрыс екенін көрсетті. Ал оның әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның психикалық жағдайына қатысты сараптама әлі жалғасуда. Қазіргі уақытта ол Алматы облысындағы арнайы медициналық орталықта жатыр.
«Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қорытынды әлі шыққан жоқ. Ол күдікті ретінде танылғанымен, бұлтартпау шарасы қабылданған жоқ. Іс-әрекеті де толық сараланған жоқ. Сараптама шамамен бір ай жүргізіледі, бірақ бұл мерзім ұзаруы мүмкін», – деді Жандар Болатбек.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмысқа отбасылық жанжал себеп болған.
«Ақбаянның туыстары мен Сұлтан Сарсемалиевтің арасында кикілжің болған. Қазіргі таңда бұл қылмысқа басқа тұлғалардың қатысы анықталған жоқ», – деді прокуратура өкілі.
Сондай-ақ, күдікті Сұлтан Сарсемалиевтің қылмыс туралы ақпарат тараған кезде ел аумағында болмағаны белгілі болды.
«Ол желтоқсан айында шекарадан заңды түрде өткен. Шекара қызметкерлері тарапынан ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ», – деп толықтырды Жандар Болатбек.
Айта кетейік, Сұлтан Сарсемалиевке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) бойынша іс қозғалды. Сонымен қатар, мал сату және банк карталарын жымқыру деректері бойынша 188 және 190-баптар бойынша қосымша қылмыстық істер тіркелген.
