«Бірінші байлық – денсаулық» деген сөзді бәріміз бала кезден естіп өстік. Бірақ денсаулық туралы айтқанда көбіне адамның денесін ғана ойлаймыз. Ал адамның жан дүниесі, көңіл күйі, өмірге деген құлшынысы да денсаулықтың ажырамас бөлігі. Егер адамның психикалық денсаулығы жақсы болса, ол қиындыққа мойымайды, айналасындағы адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатады және өз мақсатына сеніммен қадам басады. Сондықтан менің ойымша, психикалық денсаулық туралы көбірек айту – бүгінгі қоғам үшін өте қажет.
Қазіргі жастардың өмірі оңай емес. Сабақ, емтихан, мамандық таңдау, ата-ананың үміті, достармен қарым-қатынас, әлеуметтік желідегі түрлі ақпарат – мұның бәрі адамға әсер етеді. Әлеуметтік желіні ашсаң, бәрі бақытты, бәрі жетістікке жеткендей көрінеді. Кейде адам өзін өзгемен салыстырып, «мен неге осындай емеспін?» деген ойға келеді. Осындай кезде көңіл күй түсіп, өзіне деген сенім азаюы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желідегі өмір мен шынайы өмірдің екі бөлек дүние екенін ұмытпауымыз керек.
Қазақ халқы «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі адамның көңілін көтеріп, өзіне деген сенімін қайтарады. Жақыныңның қолдауы мен түсіністігі қиын сәттен шығуға күш береді. Кейбір адамдар қиналып жүргенін ешкімге айтпайды. Бәрін ішінде сақтап, үндемей жүреді. Бірақ адам барлық ауыртпалықты жалғыз көтермеуі керек. Кейде ата-анамен немесе жақын досыңмен ашық сөйлесудің өзі жеңілдік сыйлайды. Бір ауыз жылы сөздің адамның өмірге деген көзқарасын өзгертіп жіберетін кездері болады.
Менің ойымша, отбасының рөлі ерекше. Баланың өзіне деген сенімі ең алдымен үйде қалыптасады. Егер ата-ана баласын тыңдап, қолдап отырса, ол қандай қиындық кездессе де еңсесін түсірмейді. Ал керісінше, баланың ойын ешкім тыңдамаса, ол жалғыз қалғандай сезінуі мүмкін. Сондықтан ата-ананың мейірімі мен түсіністігі психикалық денсаулықтың басты тіректерінің бірі деп ойлаймын.
Психикалық денсаулықты сақтау үшін міндетті түрде үлкен өзгеріс жасаудың қажеті жоқ. Уақытында ұйықтау, таза ауада серуендеу, спортпен айналысу, кітап оқу, сүйікті ісіңмен шұғылдану немесе отбасыңмен бірге уақыт өткізу да адамның көңіл күйіне жақсы әсер етеді. Кейде телефонды бір сәтке шетке қойып, табиғат аясында тынығудың өзі адамға жаңа күш береді.
Өкінішке қарай, біздің қоғамда психикалық денсаулық туралы әлі де ашық айтуға қысыла қарайтын адамдар бар. Кейбіреулер мұны әлсіздік деп қабылдайды. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Керісінше, өз мәселесін мойындап, қажет кезде көмек сұрай білу – батылдықтың белгісі. Денеміз ауырса дәрігерге барамыз. Сол сияқты жан дүниеміз қиналған кезде де маманның көмегіне жүгінуден қорықпауымыз керек.
Абай атамыз «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген. Мен бұл сөздің мағынасын адамның өзіне деген сенімімен байланыстырамын. Өзіне сенетін адам өмірдің қиындығынан қорықпайды. Ал өзіне сенімсіз адам кез келген кедергіні жеңілмейтіндей көреді. Сондықтан адамның жан дүниесін күту – оның болашағына салынған инвестиция сияқты.
Қорыта айтқанда, психикалық денсаулық – әр адамның өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Денемізді қалай күтсек, жан дүниемізге де дәл солай көңіл бөлуіміз керек. Жаны тыныш адамның арманы айқын болады, мақсатына жетуге де күші жетеді. Менің ойымша, адамның бақыты тек материалдық дүниемен өлшенбейді. Ең үлкен байлық – өзіңмен өзің үйлесімде өмір сүріп, әр күніңді сеніммен қарсы алу. Осындай қоғам қалыптасса, еліміздің болашағы да жарқын болады деп сенемін.
Авторы: Альбина Ұлықпан
