Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтарСпорт

Тіл бұзар терминдер: Спорттағы сөздің сәні мен соры

Соңғы жылдары Қазақстанда спорт қарқынды дамып келеді. Олимпиадада жүлде алып жүрген спортшыларымыз бар, әлемдік аренада топ жарғандар да жетерлік. Бірақ осы жетістіктердің ақпараттық қолдауы – спорт журналистикасы мен комментаторлық тілі біз ойлағандай дамып жатыр ма? Тілдің шұрайын арттырып, ұлттық сипат беруге бағытталған әрекет көрініп тұр ма?

Терминді тану – тілге жан бітіру

Бүгінде спорт комментаторлары мен тілшілерінің басым көпшілігі орыс тіліндегі терминдерді сөзбе-сөз аударып, тіпті кейде мүлде қате қолданып жүр. Мысал келтірейік.

Жеңіл атлетикада екі түрлі сайыс бар:

  • 100 м с барьерами
  • 3000 м с препятствиями

Қазақшада екеуі де «кедергілер арқылы жүгіру» деп аударылып келеді. Бірақ мәні екі түрлі. Біріншісінде – барьерлер, екіншісінде – шұңқырлар мен тосқауылдар. Сондықтан бірінші сайысты – «100 метрге кедергілермен жүгіру», ал екіншісін «3000 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру» деп нақтылап айту дұрыс.

«Shot put» – ағылшын тілінде «ядро серпу» деген мағына береді. Орыстар – «толкание ядра», ал біздікілер «ядро лақтыру» деп жүр. Бірақ ядроны ешкім лақтырмайды, оны итереді. «Ядро серпу» — терминге жан бітіретін дәл аударма.

Әйтеуір, «тройной прыжок» жаттығуын «үштік секіру» деп тәржімалайтындар азайды. Шын мәнінде, өте сәтті аудармасы бар. Ол – үш қарғып секіру.

Футбол – тілге бай, аудармаға кедей

Футбол – қазақ көрермені үшін ең сүйікті спорт түрі. Алайда, терминдік тапшылық пен калька аудармалар осы саланы да бүлдіріп жатыр.

Мысалы, орталық алаңда қорғанысқа жақын ойнайтын ойыншыны орыстар «опорник» деп атайды. Сол сөзді «артқы жартылай қорғаушы» деп қолданып жүргендер көп. Бірақ «опорник» сөзі «опора» дегеннен шыққанын ескерсек, оның тура мағынасы «тірек» болу керек. Егер, «тірек жартылай қорғаушы» деп қолданатын болсақ, тағы құлаққа түрпідей тиеді. Сондықтан осы жағын тағы да ойланып көрген дұрыс болар.

Футболдағы сәтті аудармасы табылмаған сөздердің қатарында «навес», «прострел», «перекладина» сөздері де бар.

Спорттағы паразит сөздер

Қазақтілді комментаторлар «қос команда», «қос матч», «қос футболшы» деген паразит сөздерге әуес болып алған. Қазақша «қос» деген сөз орысшаға «пара» деп аударылады. Қос қанат болуы мүмкін, бірақ ешқашан қос команда болмайды. Бұл енді өте сауатсыз, зиянды қолданыс, тілбұзарлықтың өрескел түрі.

«Астана» УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші раундында «Динамо» (Загреб) клубын жеңіп, келесі кезеңге өтсе: «Астана» Загребтің «Динамосын» айналып өтті деп айтатындар бар. Айналып өткені қалай? Сонда олармен мүлде ойнамаған ба? «Астана» футболшылары Нұр-Сұлтан қаласынан көлікке мінген де, жолдағы елдерді айналып өтіп, Загребке басқа жолмен тура барған ба? Сөйтсек, орыстың «обошел» деген сөзін біз түсінбей қалмасын деп аударған түрі екен. Бұлай басты қатырғанша «шаң қаптырды», «жерге қаратты», «сан соқтырды», «ұтты», тіпті қазақшадағысы келсе, «тәубесіне келтірді» деп қолданған дұрыс болар.

«Гоооол!» деп айқайлаудың қажеті бар ма?

«Қазақтілді комментаторлар орыс тіліндегі сөздерді (калька сөздерді) қолдануға машықтанбауы керек. Авария, катастрофа дегенді көп қолданады. Мұның бәрі апат болмай ма?! Комментаторларға ізденіс керек. Сөздерді дұрыс, орынды қолдануға тырысуы тиіс және кірме сөздерді азайтып, өзіміздің қазақша терминдерді қолдануға көшу керек. Екіншіден, коментаторлардың себепсіз айқайы көп. Гол сөзін 40 секунд созып айтудың қажеті жоқ. Одан кейін, кірме сөздерді қолдануға ынтық болмаған дұрыс. Оларды ұқсас сөзбен алмастырып отыру керек. Бірде футбол десең, бірде аяқдоп де. Қазақ комментаторлары І раунд, І тайм, І сет дегенді көп қолданады. Неге мұның орнына қазақтың бір ғана «кезең» деген сөзін қолданбасқа?!», — деп күйініп еді бір кездері марқұм спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаев.

 Қорытынды: Тіл – тек құрал емес, құндылық

Термин қалыптастыру – сауат пен сезімнің қосындысы. Оны дамыту – тілге жан бітіріп, ұлттың болмысын сақтауға негіз болады. Егер біз спорт саласында шұрайлы, сауатты, ұлттық реңкі бар тілді қолдансақ, көрермен де, оқырман да қазақ тілінің дәмін сезеді.

Кез келген тілдің қанат жайып, өрістеуі үшін оның бірнеше шарты бар. Солардың бірі – ұлттық терминологиялық жүйенің мықты болуы. Осы мәселеге терең мән берген елдер ғылым мен білім, техника, технология және т.б. салалардағы тілдің тұғырын биіктетіп, іргетасын нығайтары анық.

Автор: Бек Төлеуов

Сәйкес жаңалықтар

ИЛЬЯ ИЛЬИННЕН ДЕ МЫҚТЫ АУЫР АТЛЕТ

bairakkz

ШҚО-да жол қызметінің жүргізушісі қаза тапты

bairakkz

КӨШ БАСЫНДА «ЖЕТІСУ»

bairakkz