Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарСаясат

Бозымбаев әкімдіктерге су тасқынына дайындықты 1 наурызға дейін аяқтауды тапсырды

Фото: Үкімет

Қазақстанның көп бөлігінде көктемде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін. Осыған байланысты су тасқыны қаупі артып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі бойынша кеңес өткізіп, тәуекелі жоғары өңірлерге қарсы шараларды күшейтуді тапсырды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімдіктер барлық жұмыстарды 1 наурызға дейін аяқтауы тиіс.

Кеңес барысында су шаруашылығы нысандарының, жолдар мен көпірлердің, сондай-ақ төтенше жағдайларға әрекет ету күштері мен құралдарының дайындығы тексерілді. Сонымен қатар Tasqyn және Talsim жүйелері арқылы су тасқыны жағдайын модельдеу нәтижелері қаралды.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, көктемнің басы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтілуде. Өткен жылдың күзінде жауған мол жаңбыр кей өңірлерде жер бетінде мұз қабығының пайда болуына әкеліп, бұл су тасқыны жағдайын қиындатуы мүмкін.

«Әртүрлі сценарийлерге дайын болып, қажетті шараларды алдын ала қабылдау маңызды. Әсіресе Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарындағы шешілмеген мәселелер алаңдатады», – деді вице-премьер.

«Қазгидромет» алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес, көктемде еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын нормадан көп түседі. Бұл қардың күрт еруі мен ауа райының жылынуы кезінде су басу қаупін арттырады. Қауіп деңгейі жоғары өңірлер қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары аталды.

Вице-премьер әкімдіктерге өзендерде қажет жерлерде жарылыс жұмыстарын жүргізуді, су бұру арналары мен арықтарды, су өткізгіш құрылғыларды және жаңбыр суы жүйелерін тазартуды, сондай-ақ қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де қарды уақытылы шығаруды тапсырды.

Экология министрлігіне ауа райын күнделікті бақылап, дауылды ескертулерді жедел жеткізу міндеттелді. Су ресурстары министрлігі су қоймаларының толу көлемін анықтап, тұрақты бақылау жүргізуі және қажет болған жағдайда қауіпсіз су жіберуді алдын ала ұйымдастыруы тиіс.

Ал Жасанды интеллект министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірге Tasqyn жүйесінде Talsim деректерін біріктіре отырып, паводок жағдайын модельдеп, осал елді мекендерді анықтауы қажет.
Төтенше жағдайлар министрлігіне «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығуын өткізу тапсырылды. Сонымен бірге эвакуация мәселелері, азық-түлік, жанармай, дәрі-дәрмек және басқа да қорларды дайындау жұмыстары қарастырылмақ.

Үкімет мәліметінше, өңірлерде қазірдің өзінде ауқымды жұмыстар атқарылған: 831 шақырым қорғаныс бөгеті мен үйінді салынды, 1000 шақырымнан астам дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, жаңадан салынды. Сондай-ақ жол және теміржол учаскелерінде 934 су өткізгіш құрылғы орнатылып немесе ауыстырылған. Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында көпірлерге күрделі жөндеу жүргізілді.

Сәйкес жаңалықтар

Жан Кособуцкий кәсіпқой рингте алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Ришат

БАТЫРҒА ҚҰРМЕТ

bairakkz

Ашхабад-2017: Ольга Рыпакова алғашқы алтынын еншіледі

Ришат