Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарСаясат

Сот Әнипа Назарбаеваға қатысы бар компанияны банкрот деп танудан бас тартты

Скрин видео

Әнипа Назарбаеваға қатысы бар компанияны банкрот деп тану туралы өтініш қанағаттандырылмады

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Group of the Companies TDA компаниясын банкрот деп тану туралы өтінішті қанағаттандырмады. Бұл туралы бірқатар қазақстандық басылымдар сот материалдарына сілтеме жасап хабарлады.

Компанияның ортақ иелерінің бірі — Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева, екінші құрылтайшысы әрі басшысы — кәсіпкер Әли Қлышбаев. Компания Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында тіркелген және көтерме саудамен айналысқан.

Сот құжаттарына сәйкес, 2026 жылғы 16 қаңтардағы жағдай бойынша серіктестіктің мемлекет алдындағы салық және өзге де міндетті төлемдер бойынша берешегі 99,2 млрд теңгеге жеткен. Бұған дейін, 2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, қарыз көлемі 92,3 млрд теңге болғаны хабарланған.

Компания сотқа берген арызында өзін төлем қабілетсіз деп көрсетіп, бюджет алдындағы берешекті өтеуге мүмкіндігі жоқ екенін алға тартқан. Қарасай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы да борышкерді банкрот деп тануға қарсы болмаған.

Алайда сот кәсіпорынды банкрот деп тану үшін оның тұрақты төлем қабілетсіздігі мен дәрменсіздігі нақты дәлелденуі керек екенін атап өтті. Іс материалдарына қарағанда, компания соңғы үш жылдағы бухгалтерлік есептерді, банк шоттарындағы ақша қозғалысы туралы мәліметтерді және толық қаржылық құжаттарды ұсынбаған. Соның салдарынан сот серіктестіктің нақты қаржылық жағдайын жан-жақты анықтау мүмкін емес деген қорытындыға келген. Осыған байланысты өтініш қанағаттандырылмады.

Group of the Companies TDA бұған дейін де қылмыстық істе аталған. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы шілдеде Алматыда Қытайдан тауар контрабандасы және жалған шот-фактуралар рәсімдеу ісі бойынша үкім шыққан. Тергеу барысында компанияның Қытайдан 100-ден астам контейнер тауарды заңсыз әкелгені, сондай-ақ өзіне қарасты шамамен 10 кәсіпорын арқылы жалған шот-фактуралар жазғаны анықталған. Мемлекетке келтірілген шығын 10 млрд теңге деп бағаланған.

Сотқа дейінгі тергеу кезінде мемлекетке 643 млн теңге өндірілген. Бұдан бөлек, сот санкциясымен 1,3 млрд теңгенің тауарына және күдіктілердің 300 млн теңге тұратын мүлкіне тыйым салынған. Алматының Алмалы аудандық соты бұл іс бойынша айыптыларды 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кескен, мүліктері тәркіленген. Іс фигуранттарының біріне халықаралық іздеу жарияланған.

Сәйкес жаңалықтар

Қытайда IX қысқы Азия ойындары басталды

bairakkz

«Барыс» Мәскеуде жеңіске жетіп, сенсация жасады

bairakkz

Әлемдегі ең үздік 6 конькишінің қатарына енген Ораз Қаңлыбаев туралы не білеміз?

bairakkz